Қазақстандық екі боксшы Аустралия жерінде жеңіске жетті

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
Қазақстандық екі боксшы Аустралия жерінде жеңіске жетті
Фото ©️ SP Boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Айдос Ербосынұлы (12-0, 8 КО) мен Нұрсұлтан Жаңабаев (8-0, 5 КО) Аустралияның Сидней қаласында өткен кеште жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Бірінші болып шаршы алаңға көтерілген Нұрсұлтан Жаңабаев жергілікті боксшы Стив Гагомен (11-0, 4 КО) жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы WBA Inter-Continental белбеуін қорғап, WBO Global және IBF Pan Pacific титулдарын иемденді. Осы жеңісінен соң Нұрсұлтан Жаңабаевтың рекорды 8-ге жетті. Оның бесеуінде нокаут тіркелген.

Ал Айдос Ербосынұлы жергілікті боксшы Рокки Джеркичпен (17-1, 13 КО) қолғап түйістіріп, төрешілердің бірыңғай шешімімен басым түсті. Осылайша отандасымыз үш бірдей белбеуін - екінші деңгейлі WBO Global, WBC Asia және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін қорғап қалды. Бұл Айдос Ербосынұлының кәсіпқой бокстағы 12-ші жеңісі. Ал 8 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған.

Қос боксшы соңғы жекпе-жектерін Алматы қаласында өткізген болатын. Нұрсұлтан Жаңабаев бокс кешінің басты жекпе-жектерінің бірінде венесуэлалық қарсыласы Иван Матутені (28-1-23 КО) бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңсе, Айдос Ербосынұлы намибиялық боксшы Лукас Ндафолуды (15-1, 6 КО) төрешілердің бірыңғай шешімен ұтты.