Испанияның Понтеведра қаласында басталған күрес түрлерінен әлем чемпионатында екі қазақстандық балуан қола медальға таласады, – деп хабарлайды ҚР ҰОК.
55 келі салмақта Айбек Айтбеков турнир барысында Испания мен Грузия балуандарын айқын басымдықпен жеңді. Алайда жартылай финалда америкалық қарсыласына айла көрсете алмай, кіші финалда күресу мүмкіндігін алды.
87 келіде Темірлан Тұрдыақын да қолаға үшін күреседі. Темірлан Түркия және Жапония елінің балуандарын жеңді, алайда жартылай финалда әзербайжандық қарсыласына есе жіберіп алды.
Екі спортшымыз да бүгін кіші финалда бақ сынайды.
Айта кетейік, Понтеведрадағы әлем чемпионатына балуан Ризабек Айтмұхан да аттанды. Ол өз салмағындағы фавориттер қатарында. 6 қыркүйек күні боз кілемге шығады.