2023 жылдың қыркүйек айында мансабын аяқтағаны жайлы жазған қазақ дзюдошысы Дидар Хамза спортқа қайта оралды. Оның қайта оралуына не себеп болғаны жайлы olympic.kz сайтына берген сұхбатында айта кетті.
"Азия ойындарынан соң сондай қиын күй кештім. Мұндай жағдай әрбір спортшының басында болады деп ойлаймын. Өйткені, әр жарыста ұтыла берген соң, күресуге, татамиге шығуға жігер қалмайды. Менің де басымнан осы жағдай өтіп, спорттан кетемін деп шештім. Бірақ аздаған үзілістен соң күресуге деген ынтам қайта оянды. Жігіттердің күресін, жарыстарды көріп, әлі де белдесуге болатынын түсіндім. Осылайша, жаңа жылдан бастап ұлттық құрамаға қайта келіп, жаттығу жиындарына қатысудамын. Халықаралық жиындарға да бардым, - дейді.
Дидар 3-5 мамыр аралығында Душанбеде (Тәжікстан) өтетін "Үлкен дулыға" турниріне қатысады. Спортшы алдағы ірі 3 жарыста жоғары нәтиже көрсететін болса, Олимпиада ойындарына баруына да мүмкіндік бар.
Бапкерлер шешімімен, Душанбеде (Тәжікстан) өтетін Grand Slam турниріне қатысушылар тізіміне ендім. Қазір рейтингте 40-орындамын. Олимпиадаға жолдама алатын әлі де мүмкіндік бар сияқты. Алда соңғы үш жарыс қалды. Бұйырғанын көреміз", - дейді спортшы.
Айта кетелік, Дидар Хамзаның ең үлкен жетістігі - 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының алтын медалі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!