Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Шыңғысхан Тәжібай (5-0, 2 КО) 3 наурыз күні Нью-Йоркте кезекті жекпе-жегін өткізеді.
Отандасымыз "Barclays Center" аренасында өтетін аса ауыр салмақтағы Деонтей Уайлдер (39-0, 38 KO) мен Луис Ортис (28-0, 24 KO) арасындағы жекпе-жектің андеркартында шаршы алаңға шығады.
Шыңғысхан Тәжібайдың қарсыласы әлі анықталған жоқ. Алдын ала жоспар бойынша жекпе-жек 6 раундтық жүйе бойынша өтеді.
25 жастағы қазақстандық боксшы осыған дейін кәсіпқой бокста 5 кездесу өткізген. Оның барлығында жеңіске жеткен.
Бокс кешіндегі басты жекпе-жекте Деонтей Уайлдер мен Луис Ортис WBC тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа таласады. Сондай-ақ бұл бокс кешінде қазақстандық Геннадий Головкиннің (37-0-1, 33 КО) чемпиондық атағына үміткер боксшылар да шаршы алаңға шығады. WBC уақытша чемпиондық атағы үшін америкалық боксшылар Джермалл Чарло (26-0, 20 КО) мен Уго Сентано (6-1-0, 14 КО) жұдырықтасады. Ал IBF тұжыры бойынша украиналық Сергей Деревянченко (11-0, 9 КО) америкалық Дашон Джонсонмен (22-22-3, 7 KO) кездеседі.
Деонтей Уайлдер мен Луис Ортис арасындағы жекпе-жектің андеркартында Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан Вилли Монро (кішісі) да жекпе-жек өткізеді.