
Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Ресей құрамасының 2025 жылғы әлем чемпионатындағы жүлде санына қойған жоспарын бұзды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Александр Беспутин финалға шыққан ресейлік боксшылардың бәрі алтын алатынына сенімді болған. Финалға Ресейдің бес боксшысы жеткен еді. Қазақстан құрамасынан да осынша финалист болды. Ақтық айқастар қортындысы бойынша Ресейдің төрт боксшысы алтын алды да, Юлия Чумгалакова 48 келіде Назым Қызайбайдан жеңіліп қалды.
Алайда Беспутиннің айтқанындай, жалпы командалық есепте Ресей бірінші, ал Қазақстан екінші болды.
Ресей құрамасынан алтынды Нуне Асатрян (60 кг), Елена Гапешина (70 кг), Анастасия Шамонова (75 кг) және Ресей намысын қорғайтын қазақ қызы Салтанат Меденова (81 кг) иеленді.
Ал Қазақстан командасынан Назым Қызайбай (48 кг), Алуа Балқыбекова (50 кг) және Аида Әбікеева (63 кг) алтын алды, Виктория Графеева (60 кг), Елдана Тәліпова (+81 кг) күміс және Наталья Богданова (70 кг) қола жүлдегер атанды.
Жалпы командалық есептегі топ-5 тізім:
- Ресей – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола;
- Қазақстан – 3 алтын, 2 күміс, 1 қола;
- Түркия – 1 алтын, 3 күміс, 2 қола;
- Қытай – 1 алтын, 1 күміс, 3 қола;
- Сербия – 1 алтын, 5 қола.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!