Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VIII қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны 2 алтын 1 күміс 1 қола медальмен толықты. Ерлер мен әйелдер арасындағы спринттік сында қазақстандық спортшылар жеңімпаз атанды.
Ерлер арасындағы 10 шақырымдық жарыста Ян Савицкий үздік нәтижемен мәре бірінші болып кесті. Күміс медаль да Қазақстан құрамасының қоржынына түсті. Василий Подкорытов нысана көздеуде екі рет қателік жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола жапон спортшысы Микито Тачиказиге бұйырды.
Өзге қазақстандық спортшылар Максим Браун 8-ші, Антон Пантов 9-шы орынға ие болды.
Әйелдер арасындағы спринттік жарыс 7,5 шақырымға созылды. Галина Вишневская Азияда алдыңғы қатарлы спортшы екенін тағы бір дәлелдеді. Ол 20:32.6 минут көрсеткішімен алтын медальға қол жеткізді. Күміс Қытай елінің биатлоншысына бұйырса, қоланы отандасымыз Алина Райкова жеңіп алды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын 4 күміс 5 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.