Қазақстандық биатлоншылар Галина Вишневская мен Максим Браун Швецияның Эстерсунд қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының бірінші кезеңінде жүлделі орыннан көрінді. Отандастарымыз аралас эстафетада қола медальға қол жеткізді.
Қазақстан биатлоны тарихында қазақстандық спортшылар эстафеталық сында алғаш рет жүлде алып отыр. Галина Вишневская мен Максим Браунның жетістігі – жанкүйерлер күтпеген тосынсыйға бағаланып отыр.
Аралас эстафетада австриялық биатлоншылар Лиза Тереза Хаузер мен Симон Эдер жеңіске жетті. Екінші орынға неміс биатлоншылары Ванесса Хинц пен Эрик Лессер ие болды. Ал үшінші орынға әйгілі француз биатлоншылары Мари Дорен-Абер мен Мартен Фуркадты басып озған қазақстандық спортшылар ие болды.
Қазақстанның биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Үсенов спортшылардың тарихи жетістігін ҚР ҰОК ресми сайтына берген сұхбатында атап өтті.
- Бұл қазақстанның биатлон тарихында Әлем Кубогында эстафетада жеңіп алған алғашқы медаль. Біз ешқашан алғашқы жарыста жүлдегерлер қатарына кірмеп едік. Біздің спортшылар Олимпиада жүлдегері Мари Дорэн Абер мен Олимпиада чемпионы Мартен Фуркадтан тұратын Франция құрамасын артта қалдырды. Спортшылар мен құрамамыз үшін қуаныштымыз, - деді.
Айта кетейік, Эстерсундтағы Әлем кубогының бірінші кезеңі 3 желтоқсан күні аяқталады. Одан кейін араға 5 күн сала Австрияның Хохфильцен қаласында екінші кезеңді бастайды.