Қазақстандық бес ауыр атлет допингпен ұсталды

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
Қазақстандық бес ауыр атлет допингпен ұсталды
Фото ©️ freepik.com

Қазақстанның допингке қарсы орталығы биыл WADA ережесін бұзған спортшылардың есімін атады. Алты кәсіпқой ауыр атлеттің сынамасынан тыйым салынған "Тестостерон" анаболикалық стероидтері табылған.

БӨЛІСУ

24-31 наурыз күндері Қызылорда қаласында өткен 20 жасқа дейінгі қыздар және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде спортшыларға допинг тексеріс жүргізілген. Жарыста топ жарған Асылжан Бектай (81 кг), Әлішер Сейтқазы (102 кг), Гүлдана Жүніс (64 кг) және Аружан Көлбай (71 кг), сондай-ақ күміс жүлдегер Ерасыл Кенесбаевтің (96 кг) қан сынамасынан тыйым салынған препараттың ізі табылған.

Қазақстанның допингке қарсы орталығы жанындағы WADA тәуелсіз комиссиясы тыйым салынған препаратты қолданған бес спортшыны екі жылға, ал олардың жаттықтырушылары Талғат Әбен мен Айбол Көлбаевты төрт жылға шеттетті.

"Қазақстан допингке қарсы орталығының мұндай шешім қабылдауына толық негіз бар. Федерациясы допинг қолдануға түбегейлі қарсы, сол себепті ҚДҚО көмегімен ел ішінде допингке қарсы күрес жүргізіп келеміз. Ұлттық құрама үш жылдан бері халықаралық жарыстарда бірде-бір мәрте ереже бұзып көрмеді. Бұл республикалық деңгейдегі жарыстардағы қатаң тексерістің арқасы", - делінген Қазақстан ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралиновтің мәлімдемесінде.

Айта кетейік, күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы" заңға қол қойды. Заң допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған. 

Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады, ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді.