Ауыр атлетикадан Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер арасында 64 келіге дейінгі салмақтағы "В" тобындағы спортшылар бәсекесі аяқталды.
Қазақстандық ауыр атлеттер Әсем Садықова мен Карина Горичева бірінші және екінші орынды өзара еншіледі. "А" тобындағы (мықтылар жарысы) жарыс Астана уақытымен сағат 20:55-те басталады.
Әсем қос жаттығу бойынша 226 келіні (101+125) еңсерсе, Карина 224 келімен (107+117) шектелді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында бір күміс медаль бар. Оны ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта Арли Чонтей жеңіп алған болатын. Ал осыған дейін жарысқа қатысып үлгерген Айдар Қазов (81 келі), Нижат Рахимов (73 келі), Сәуле Сәдуақасова (59 келі), Зульфия Чиншанло (55 келі) және Фархад Харки (67 келі) жүлделі орынға іліккен жоқ.