Қазақстандық ауыр атлет Игорь Сон Катарда өтіп жатқан халықаралық турнирде 61 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды. Ол қос жаттығу нәтижесі бойынша жапон спортшысына жол беріп алды.
Игорьдың жұлқа көтерудегі үздік нәтижесі 118 келі болды. Серпе көтеруде 149 келіні еңсерді. Қос жаттығу бойынша (267 келі) күміс медаль бұйырды. Алтын алған жапон Хаято Хирай қос жаттығуда 272 келі (124+148) көтерді. Қоланы да күншығыс елінен келген екінші бір ауыр атлет Шин Ошида иеленді.
Бұл салмақта биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (55 кг) Арли Чонтей де бақ сынады. Ол қос жаттығу бойынша 245 келі көтеріп (115+130) төртінші орыннан көрінді.
67 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Фархад Харки үздік үштікке іліге алмады. Қос жаттығу бойынша 295 келімен (130+165) төртінші орында жарысты аяқтады.
Айта кетейік, "Катар кубогы" халықаралық турнирінің маңызы жоғары. Бұл бәсеке 2020 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі аясындағы жарыстар қатарына енеді. Спортшыларға рейтингтік ұпай сыйлайды.
Дохадағы додаға Қазақстан атынан 9 ауыр атлет қатысатыны жайлы хабарлаған болатынбыз. Олардың қатарында Илья Ильин де бар.