Халықаралық коньки спорты Одағы (ISU) 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жолдамаларды үлестірді. Қазақстандық 5 шорт-трекші төртжылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндік алды.
Шорт-трекшілерге ақ Олимпиада жолдамасы 19 қараша мен 28 қыркүйек аралығында Будапешт (Венгрия), Дордрехт (Нидерланды), Шанхай (Қытай) және Сеул (Корея) қалаларында өткен әлем кубогындағы нәтижелерге қарай берілген. Әр ел 10 қаңтарға дейін жолдамаға ие болған спортшыларының қатысатынын растауы керек.
Пхенчханда Нұрберген Жұмағазиев 500, 1000 және 1500 метр қашықтықта жарыс жолына шығады. Ал Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша 500 метрлік сында бақтарын сынайды. Қыздар арасында Ким А Йонг 500, 1000 және 1500 метр қашықтықта қатысуға мүмкіндік алды. Ал Анастасия Крестова 1000 және 1500 метрге сырғанауда Олимпиада жүлдесіне таласады.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея жеріндегі қысқы Олимпиада ойындарына (9-25 ақпан аралығы) әлемнің 80-нен астам елінен 5000-ға жуық спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарланған. 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.
Қазақстандық спорт делегациясы Пхенчхандағы додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайтын болады.