Дзюдодан 2027 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов хабарлады, – деп жазады msports.kz сайты.
Министр Будапешке барған сапарында Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен кездесіп, Қазақстанда дзюдоны дамыту бойынша бірқатар маңызды келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені чемпионат Лос-Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді. Сонымен қатар Халықаралық Дзюдо Федерациясының академиясының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік", – деп жазды министр.
Биыл Қазақстан Париж олимпиада ойындарын бір алтын, үш күміс, және үш қола жүлдемен жалпы есепте 43-орында аяқтады. Қазақ дзюдошысы Елдос Сметов (60 келі) чемпион атанды. Ол – дзюдодан олимпиадада алтын медаль алған алғашқы қазақ спортшысы. Сондай-ақ Ғұсман Қырғызбаев қола медаль еншілеп қайтты.
Айта кетейік, дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстанда бұған дейін де өткен. 2015 жылы Астанада болған бәсекеде Елдос Сметов әлем чемпионы атанған болатын.