Қазақстанда IT-мамандарға деген сұраныс өсті

Қымбат Слямбек Корреспондент
Қымбат Слямбек>
Қазақстанда IT-мамандарға деген сұраныс өсті
Фото ©️ misis.ru

IDF Eurasia аналитикалық тобының зерттеушілері Қазақстанда екі жылдың ішінде IT-мамандарға деген сұраныстың 55 пайыз өскенін айтады. Бұған себеп бір жағынан пандемия болса, екінші жағынан нарықтағы компаниялардың сандық форматқа көше бастауы негізгі күшке айналған.

БӨЛІСУ

Пандемия кезінде компаниялардың көбі қызметкерлері мен бизнесін басқарудың жаңаша жолдарын іздестіріп, кейбірі мүлде басқа бағытқа қарай бет бұрды. Қашықтан жұмыс істеу мен қызметті, тауарды сандық-онлайн форматқа көшіру IT-мамандарға деген сұранысты одан әрі арттырып жіберді.

"Сарапшылардың пайымдауынша, пандемия аяқталғаннан кейін де IT-мамандарға деген сұраныс азая қоймайды. Компаниялар жақсы мамандарды тарту үшін бәсекеге түсетіні анық. Өйткені бизнес қазір цифрлық форматқа ауысып жатыр", - деп түсіндіреді IDF Eurasia зерттеу тобының Қазақстандағы өкілі.

Мамандардың айтуынша, егер бұрын қаржы, телекоммуникация, технология саласындағы компаниялар ғана сандық форматта жұмыс жасаған болса, қазір тамақтану, сауда-саттық, әлеуметтік және қоғамдық қызметтер де цифрлы контентке ауыса бастады. Мұның бәрі IT-мамандарға деген сұранысты күшейтті.

Қазір білікті IT-мамандардың еңбекақысы ірі компаниялардың топ-менеджерлері алатын еңбекақымен теңесіп қалды. Kolesa Zerttey зерттеуінше, бағдарлама жасаушылардың айлық еңбекақысы бірнеше миллионға жетеді. Нақтырақ айтсақ, 3,5 млн теңге еңбекақы алатындар бар көрінеді.

Бұл саладағы ең аз жалақы 150 мың теңге болса, орташа еңбекақы 1,5 млн теңгеге дейін көтерілген.

"IT-мамандардың ең аз жалақысының өзі басқа саладағы қызметкерлердің орташа жалақасынан жоғары. Мәселен Қазақстандағы жұмыс берушілердің жартысынан астамы қызметкерлерге 100 мың теңгенің айналасында жалақы беруге дайын болса, 1 пайызға жуығы 500 мың теңгенің айлығын ұсынуға әзір", - дейді зерттеу тобының өкілдері.