Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 7 маусым күні Венгриямен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл туралы ел футбол федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.
Жолдастық кездесу Венгрия жерінде өтеді деп жоспарланған. Нақты қай қаласында өтетіні алдағы уақытта белгілі болмақ.
Венгрия ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 44-ші орында болса, УЕФА рейтингінің 25-ші сатысына жайғасқан. 2014 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу сынының «D» тобында өнер көрсетіп, 3-ші орынға тұрақтаған. 10 кездесудің 5-інде жеңіске жетіп, 2 кездесуді тең аяқтап, 3 ойында жеңіліс тапқан.
Мажарлар елінің құрамасы сапында қақпашы Габора Кирай («Мюнхен-1860» Германия), жартылай қорғаушы Балаш Джуджак («Динамо» Мәскеу, Ресей), Йожеф Варгу («Мидслбро» Англия), шабуылшы Адам Салай («Шальке-04» Германия) секілді еуропалық аренада өнер көрсетіп жүрген футболшылар доп тебеді. Екі құрама осыған дейін бір-бірімен кездесу өткізбеген екен.
Естеріңізге сала кетсек, енді екі күннен кейін Юрий Красножан баптайтын Қазақстан ұлттық құрамасы Литвамен жолдастық кездесу өткізеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: ffk.com