Қазақстан ұлттық құрамасы жолдастық кездесуде Молдованы ұтты

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақстан ұлттық құрамасы жолдастық кездесуде Молдованы ұтты
Фото ©️ kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа жаттықтырушы Михал Билек бастап шыққан алғашқы ойында жеңіске жетті. Отандастарымыз Түркияда өткен жолдастық кездесуде Молдова құрамасын ұтты.

БӨЛІСУ

Ойында отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голды 61 минутта Оралхан Өміртаев соқты. Ол Азат Нұрғалиев берген пасты сәтті пайдаланды. Алыс қашықтықтан қақпаны дәл көздеп, тамаша голдың авторы атанды.

Бұл ойын ФИФА бекіткен ресми кездесулер қатарында болған жоқ. Сондықтан кей командалар қазақстандық футболшыларды ұлттық құрамаға жібермеді. Атап айтар болсақ, Ресей клубтарында ойнайтын Бахтиер Зайнутдинов ("Ростов") пен Еркебұлан Сейдахмет ("Уфа"), сондай-ақ "Қайрат" командасының ойыншылары бұл кездесуге қатысқан жоқ. Бас жаттықтырушы Михал Билек бар ойыншыларын алаңға шығарды.

Айта кетейік, ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 15 ақпанда басталған, бүгін аяқталады.

Михал Билек қаңтар айының соңында бас жаттықтырушы қызметіне келген болатын. Ол 2012 жылы Чехия құрамасын Еуропа чемпионатының ширек финалына дейін алып шыққан маман. Қазақстан құрамасымен наурыз айында 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңін бастайды.