Футболдан Olimpbet Қазақстан Суперкубогы жартылай финалындағы екінші ойында "Тобыл" "Қайраттан" басым болды. Негізгі уақытта 3:3 есебімен тең түсіп, ойын соңындағы пенальти сериясында қостанайлық клубтың асығы алшысынан түсті.
Биылғы Қазақстан Суперкубогы жаңа форматта өтуде. Ойындар Түркістандағы Кеше өткен бірінші жартылай финалда "Астана" "Шахтерды" 2:0 есебімен ұтып, финалға шыққан. Бүгін "Тобыл" екінші жолдаманы иеленді.
Бірінші таймда командалар 1:1 есебімен тең тарқасып шықты. Бірінші болып Асхат Тағыберген "Тобылды" алға шығарды. 40 минутта Небойша Косович таразы басын теңестірді.
Екінші таймда алматылық клуб есепте алға шыққан. 67 минутта Гүлжігіт Аликулов берген допты Артур Шушеначев "Тобыл" қақпасының торында тулатты. Бірақ "Қайраттың" бұл қуанышы ұзаққа созылмады. 74 минутта Сергей Малый есепті теңестірсе, араға 2 минут сала Серікжан Мужиков қостанайлық команданы алға шығарды.
Ойын аяқталар тұста "Қайраттың" қырғызстандық легионері Гүлжігіт Аликулов ерекше ойынымен көзге түсіп, есепті теңестірді. Оның қия тепкен добын "Тобыл" қақпашысы Александр Мокин қайтарып үлгермеді. Есесіне ойын соңындағы пенальти сериясында тіс қаққан қақпашы нағыз шеберлігін байқатты. "Қайрат" командасы сапында пенальти тепкен Радо Дугалич пен Камо Оганесян тепкен допты қайтара білді.
Ойын соңында "Қайрат" сапынан Нұрәлі Әліп алаңнан қуылды. Ол 5 наурыз күні үшінші орын үшін өтетін "Шахтерға" қарсы ойынға қатыспайды.
"Тобыл" — "Кайрат" 3:3 (1:1), пен. 4:2
Гол соққандар: Тағыберген 9 (1:0), Косович 40 (1:1), Шушеначев 67 (1:2), Малый 73 (2:2), Мужиков 75 (3:2), Алыкулов 90+1 (3:3)
Пенальти тепкендер: Дугалич — 0:0 (қақпашы), Мужиков — 1:0, Косович — 1:1, Йованчич — 2:1, Әбікен — 2:2, Тағыберген — 3:2, Оганесян — 3:2 (қақпашы), Лобжанидзе — 4:2
Қызыл қағаз: Әліп 90+5.
"Астана" мен "Тобыл" арасындағы финалдағы ойын 6 наурыз күні өтеді.