Қарағандылық спортшы Наталья Звягинцева паралимпиададан Мексикада өтіп жатқан әлем чемпионатында жүзуден алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Қазақстанның тарихи жеңісі жайлы еліміздің Паралимпиада комитетінің басшысы Қайрат Боранбаев Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
- Наталья Звягинцева (Қарағанды) – жаңа әлем чемпионы. 50 метрге шалқалай жүзуде бірінші орын алды. Бұл Қазақстан тарихындағы Паралимпиададан әлем чемпионатында жеңіп алған тұңғыш алтын жүлде. Наталья Мексикада Азия рекордын да жаңартты, - деп жазды.
Айта кетейік, Наталья Звягинцева 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарына да қатысқан еді. 100 метрге шалқалай жүзуде 7-орын алған болатын.
Мексикада тағы бір жүлдені Риодағы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зулфия Ғабидуллина жеңіп алды. Ол 100 метрге еркін әдіспен жүзуде күміс медаль еншіледі.