Танымал "Gracenote" статистикалық агентігі 4 күннен кейін Пхенчханда (Оңтүстік Корея) басталатын ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына болжамын ұсынды. Олардың сараптауы бойынша Қазақстан құрамасы 1 қола медаль еншілейді екен.
Статистикалық агенттік Оңтүстік Корея жерінде Германия құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алады деп болжауда. Агенттік сарапшыларынеміс спортшылары 15 алтын 10 күміс 14 қола медаль еншілейді деп топшылап отыр. Екінші орынға норвег спортшыларын қойған. Скандинавия түбегінің өкілдері 13 алтын 14 күміс 13 қола медаль жеңіп алуға қауқарлы екен. Үздік үштікті АҚШ құрамасы (11 алтын 6 күміс 12 қола) түйіндейді деп болжанып отыр.
"Gracenote" Қазақстан құрамасының қоржынына түсетін жүлдені могулшы Дмитрий Рейхерд иеленеді деп болжам жасаған. Олар мұндай болжамдарды спортшылардың соңғы халықаралық жарыстардағы жетістіктері мен физикалық дайындықтарына баса мән береді. Осыған дейін агенттік қазақстандық спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінбейді деп болжап келген еді.
Олимпиада ойындарында жүлде алған отандастарымызға берілетін сыйақы көлемі өзгерген жоқ. Бұрынғыдай жеңімпаз атанған спортшы мен жаттықтырушысына 250 мың АҚШ доллары беріледі. Екінші орынға – 150 мың, үшінші орынға 75 мың доллар беріледі. Алтыншы орынға дейін сыйақы қарастырылған. Пхенчханда 9 спорт түрінен қазақстандық спортшылар жарыс жолына шығады.
Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақстан 6 рет қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. 4 спортшымыз ғана жүлде алған. Олар: Владимир Смирнов (1994, 1998), Людмила Прокашева (1998), Елена Хрусталева (2010) және Денис Тен (2014).
Айта кетейік, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында өтеді. Төрткүл дүние асыға күткен доданың ашылу салтанатында Қазақстанның туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығады.