Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы медальдар саны 16-ға жетті. Бүгін түске дейін ұлттық құрама қоржыны үш қола медальмен толықты.
Семсерлесудің сабля түрінен әйелдер арасындағы командалық жарыста Қазақстан құрамасы қола медаль иеленді. Ширек финалда Гонконг командасын 45:40 есебімен жеңді. Алайда жартылай финалда Қытайдан келген қарсыластарына 45:25 есебімен жол берді.
Семсерлесудің шпага түрінен Қазақстан ерлер құрамасы да командалық жарыста қола жүлдегер атанды. Олар да ширек финалда Гонконгты жеңді. Жартылай финалда жапондарға жол беріп, қола медальды қанағат тұтты.
Семсерлесу ережесі бойынша жартылай финалда қарсыласына ұтылған команда не спортшы бірден қола медаль иеленеді.
Байдарка мен ескек есуден Қазақстан командасының мүшесі Александр Куликов "слалом" бағдарламасы бойынша үшінші сатыдан көрінді. Жекелей сында өнер көрсеткен отандасымыз жапон және қытай спортшыларына жол берді.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 1 алтын 5 күміс 10 қола медальмен жалпы есепте 10-орында келеді. Бүгінгі жарыс бағдарламасы әлі аяқталған жоқ. Алдағы уақытта Индонезия жерінен қуанышты хабарлар күтеміз.