Қазақстан құрамасы Ислам ойындарында 14-орын алды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақстан құрамасы Ислам ойындарында 14-орын алды
Фото ©️ baku2017.com

Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өткен Ислам ынтымақтастық ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 14-орын алды. Келесі дода 2021 жылы Стамбулде (Түркия) өтеді. 

БӨЛІСУ

Бакудегі додаға елімізден 32 спортшы аттанған болатын. Отандастарымыз бокс, дзюдо, әйелдер күресі, таеквондо және еркін күрестен жарыс жолына шықты. 19 спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Қазақстандық спортшылар 2 алтын, 5 күміс, 12 қола медаль еншіледі. Бокстан 52 келіге дейінгі салмақта Азат Махметов, 75 келіге дейінгі Тұрсынбай Құлахмет жеңімпаз атанып, ел абыройын асырды. Айнұр Есбергенова, Әлімжан Серікбаев (екеуі де - таеквондо), Жандос Исмаилов, Дәулет Шабанбай (екеуі де - еркін күрес), Жәмилә Бақбергенова (әйелдер күресі) күміс медаль алды. Гүлдана Әлмұханбетова, Еламан Ерғалиев (екеуі де - дзюдо), Жансель Дениз (таеквондо), Қуан Қуатов, Сұлтан Зауырбек, Илья Очкин (үшеуі де - бокс), Ильяс Жұмай, Болат Сакаев, Мамед Ибрагимов, Әділет Давлумбаев (бәрі - еркін күрес), Айгүл Нұралым, Зарина Құнанғараева (екеуі де – әйелдер күресі) қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жалпыкомандалық есепте Әзірбайжан елі бірінші орын алды. Олар барлығы 162 медаль (75 алтын, 50 күміс, 37 қола) жеңіп алды. Түріктер 195 медальмен (71 алтын, 67 күміс, 57 қола) екінші орыннан көрінді. Үздік үштікке Иран құрамасы кірді. Олар барлығы 98 медаль (39 алтын, 26 күміс, 33 қола) еншіледі.

Айта кетейік, Бакудегі дода 18 олимпиадалық, 3 олимпиадалық емес спорт түрінен өтті. Жарысқа 54 елден 3500-ге жуық спортшы қатысты.