Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде тағы үш орын төмен сырғыды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде тағы үш орын төмен сырғыды
Фото ©️ kff.kz

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) ресми сайтында жаңарған рейтингін жариялады. Қазақстан құрамасы үш орын төмен сырғып, 136-орынға тұрақтаған.

БӨЛІСУ

Қазан айында жаңарған рейтингте Қазақстан құрамасы жеті орынға төмендеген еді. Бұл айда тағы үш орын төмен түсті. Қараша айында ешқандай ресми және жолдастық кездесу өткізген жоқ. Бас жаттықтырушы Александр Бородюктің шақыртуымен жиналып, екі рет жастар құрамасымен тәжірибелік ойын өткізді. Наурыз айында Өзбекстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатқаны осыған дейін хабарланған болатын.

Ел футболы тарихындағы ФИФА рейтингіндегі ең үздік көрсеткіш өткен жылы тіркелген. Нәтиже – 83-ші орын. Ал ең төменгі нәтиже 1996 жылғы мамыр айындағы рейтингтен көрініс табады. Ол жолы 166-шы сатыда болған.

Жаңарған ФИФА рейтингінің алғашқы ондығында өзгерістер көп емес. Германия құрамасы көш басында болса, екінші орында Бразилия келеді. Үштікті Португалия құрамасы түйіндеп тұр. Швейцария құрамасы алғашқы ондыққа оралған. Испания құрамасы екі орын жоғарылап, 6-орынға тұрақтапты. Есесіне Франция мен Польша құрамалары бір орыннан төмен жылжыған. Ал Перу құрамасы үздік ондықтан шығып қалды.

1 (1). Германия - 1602 ұпай,
2 (2). Бразилия - 1483,
3 (3). Португалия - 1358,
4 (4). Аргентина - 1348,
5 (5). Бельгия - 1333,
6 (8). Испания - 1231,
7 (6). Польша - 1209,
8 (11). Швейцария - 1190,
9 (8). Франция - 1183,
10 (9). Чили – 1173,

Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Лаос ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 22 саты төмендеп, 184-орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Корей Халық Демократиялық Республикасы құрамасы еншіледі. Олар 18 саты жоғарылап, 114-орынға табан тіреген.

Айта кетейік, ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина. 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді.