Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) жаңарған рейтингінде жеті сатыға төмендеп, 97-орынға тұрақтады. Қыркүйек айындағы рейтингте отандық құрама ең жоғарғы нәтижесіне қол жеткізген еді.
Жаңарған ФИФА рейтингінің алғашқы ондығында өзгерістер орын алған. Аргентина құрамасы көш басында болса, екінші орынға Бразилия құрамасы көтерілді. Германия үшінші орынға ығысқан. Бельгия мен Колумбия бір сатыға төмендеп, бесінші және алтыншы орындарға түскен. Есесіне Чили құрамасы төртінші орынға жоғарылап отыр.
Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Чад ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 49 саты төмендеп, 152-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Армения құрамасы еншіледі. Олар 38 саты жоғарылап, 87-орынға табан тіреген.
Қазақстан құрамасы осы айда 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Данияға қарсы ойын өткізді. Сырт алаңдағы кездесуде дат футболшыларынан 4:1 есебімен ұтылды.
Айта кетейік, ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина.