Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы Астанада Черногория елінің футболшыларына 3:0 есебімен ұтылды.
Ойын басын Қазақстан құрамасы сәтті бастағанмен, жиі қателіктерге жол берумен болды. Сондай қателіктің бірін 31 минутта Марко Вешович оңтайлы пайдаланып кетті. Давид Лориямен бетпе-бет шығып, гол соқты. Бірінші тайм аяқталғанша таразы басын теңестіруге мүмкіндік болғанмен, Исламбек Қуаттың баспен бағыттаған добы қақпа бағанынан қайтты.
Екінші тайм басын да Қазақстан құрамасы ширақ бастағанмен, стандартты соққылардан Черногория елінің футболшылары сан соқтырып кетті. 53 минутта шабуылшы Фатос Бечирай, 63 минутта Марко Симич гол соқты. Айып соққысынан асырылған допқа бірінші жеткен ойыншыларға екі гол сәтінде де қорғаушылар жетіп үлгерген жоқ.
Топтағы келесі ойынын Қазақстан құраамасы сырт алаңда Польшаға қарсы өткізеді.