Волейболдан әйелдер арасында Алматыда өткен әлемдік «Гран-приде» Қазақстан құрамасы соңғы кездесуін Чехия құрамасына қарсы өткізіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Бірінші кезеңді (партия) қонақтар басымдықпен бастады. Сол басымдығының арқасында аса көп қиналмай 16:25 есебімен жеңіске жетті. Екінші кезеңді Александр Гутор баптайтын Қазақстан құрамасы тәуір бастаған-ды. Алты ұпайға дейін алға озып тұрып, жеңіліп қалды. Соңғы шешуші соққылар жетіспеді. Ал үшінші кезеңде намысқа тырысқан жерлестеріміз 27:25 есебімен есеп қысқартты. Бірақ, өкінішке орай төртінші кезеңде чех әуедопшы арулары айқын басымдық танытып, үшінші ойынындағы үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Жақын күндері отандастарымыз Чехияға сапар шегеді. Сол жерде 1-3 тамыз аралығында әлемдік «Гран-при» додасының екінші тур ойындары өтеді. Әр дивизионнан үздік шыққан командалар және Болгария құрамасы (жарыс қожайыны ретінде) 15-17 тамыз күндері финалдық кезеңде жолығып, бұл турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайтын болады.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: volley.kz