Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы Армениядан ұтылды. Ереванда өткен ойында алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Қос құрама бірінші таймда гол соға алған жоқ. Давид Лория армяндардың шабуылына бірнеше рет тойтарыс бере білді. Қазақ футболшылары да реті келгенде қарымта шабуылда ойнап, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға тырысты.
Екінші тайм басын Қазақстан құрамасы ширақ бастады. Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев пен Еркебұлан Тұңғышбаевтардың белсенділігі байқалды. Әсіресе Еркебұланның гол соғуға мүмкіндігі болған. Бірақ «Ордабасы» командасының ойыншысы доптың өзіне тура келетінін күтпей қалған секілді.
64 минутта Сергей Малый Генрих Мхитарянға қарсы ереже бұзып, ойындағы екінші сары қағазын алып алаңнан қуылды. 10 ойыншымен қалған Қазақстан құрамасының тынысы тарылды. Армяндар шабуылды үдете түсті. Сондай сәттердің бірінде Армения құрамасының үздігі Генрих Мхитарян командасын алға шығарды. 75 минутта Арас Озбилиз Давид Лория қорғаған қақпаға екінші голды тоғытты. Нәтижесінде осы есеп айырмасы сақталып, алаң иелері 2:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Армения — Қазақстан 2:0 (0:0)
Голдар: Мхитарян 73 (1:0), Озбилиз 75 (2:0)
Ескертулер: Саркисов 28, Ароян 48, Озбилиз 77 — Бейсебеков 18, Малый 19, Тагыберген 53
Алаңнан қуылды: Малый 64
Армения: Бегларян, Ароян, Восканян, Андонян, Малакян, Пиззелли (Манучарян 65), Казарян (Барсегян 5), Саркисов (Озбилиз 70), Оганесян, Мхитарян, Айрапетян
Қазақстан: Лория, Малый, Қуат (Дмитренко 81), Тұңғышбаев (Мужиков 79), Тағыберген, Исламхан (Байжанов 87), Нұрғалиев, Сүйімбаев, Нөсербаев, Шомко, Бейсебеков
Бас төреші: Александар Ставрев (Македония)
26 наурыз. Ереван. Вазген Саргсян атындағы республикалық стадион.