Қазақстан құрамасы Андоррамен тең ойнады

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Қазақстан құрамасы Андоррамен тең ойнады
Фото ©️ vesti.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасындағы екінші ойында Андоррамен тең түсті. "Андорра-ла-Велья" стадионында өткен кездесуде 1:1 есебі тіркелді.

БӨЛІСУ

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов негізгі құрамға аздап өзгеріс енгізді. Бұл жолы орталық қорғаушы Юрий Логвиненко мен хавбек Еркебұлан Тұңғышбаев алғашқы минуттан бастап алаңға шықты.

Қазақстан құрамасы ойында басымдығын алғашқы сәттерден-ақ байқатты. Шабуылға сәт сайын ұмтылғанмен, алаң иелері қақпасына гол соғу мүмкін болмады. Барлығы бұрыштама добымен аяқталды. Нәтижесінде бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Екінші тайм басталғанына 15 минут өте Станимир Стойлов ойыншы алмастырды. Роман Мұртазаевтың орнына Бауыржан Тұрысбек шықты. Ал 66 минутта Еркебұлан Тұңғышбаевты Бахтиер Зайнутдиновке алмастырды.

Ойында Қазақстан құрамасы бірінші болып гол соғып, есепте алға шықты. Ал голды шабуылшы емес, қорғаушы Юрий Логвиненко соқты. Оның қалай гол соғатынын қазақ жанкүйерлері жақсы біледі десек қателеспейміз. Бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жетіп, баспен допты қақпаға тура бағыттады. Доп қақпа торында тулады.

76 минутта өз қателігін жуып-шаймақ болған Серікжан Мужиков ойын ережесін бұзды. Исландиялық бас төреші жартылай қорғаушыға екінші сары қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. 10 ойыншымен қалған Қазақстан құрамасы қорғанысқа ығыса бастады.

86 минутта Дмитрий Шомконың қателігі – Қазақстан құрамасын сан соқтырды. Екінші таймда алаңға шыққан Жорди Алаэс таразы басын теңестіріп кетті. 1:1 есебі сақталып, ұлттық құрамалар бір-бір ұпайдан бөлісті.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы топтағы бірінші ойында Астанада Грузияға есе жіберген-ді. Ал Андорра сырт алаңда Латвиямен тең ойнаған еді.

Топтағы екі тур қорытындысы бойынша Грузия құрамасы 6 ұпаймен алға шықты. Андоррада 2 ұпай бар. Қазақстан мен Латвия құрамаларында бір-бір ұпайдан.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 13 қазан күні сырт алаңда Латвияға қарсы өткізеді.