Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ташкенттегі әлем чемпионатын бастады. Топтағы бірінші ойында отандастарымыз Испания құрамасымен тең ойнап, 1 ұпайды қоржынға салды, – деп хабарлайды msports.kz тілшісі.
Ойынды Кака жаттықтыратын Қазақстан құрамасы сәтті бастады. Біржан Оразов 7 секундта гол соғып, қазақ жанкүйерлерін қуантты. Алайда ойын барысында бас төреші Дәурен Тұрсағұловқа қызыл қағаз көрсетті.
Бірінші тайм аяқталуына 3 минут қалғанда испандар есепті теңестірді. Бұл голды Гордилло өз еншісіне жазды.
Екінші таймды да Испания құрамасы шабуылда өткізді. Бірнеше сәтте Игита шеберлік танытып, қақпасын голдан аман алып қалды. Леоның бірер жойқын соққысын испандық қақпашы қайтара білді.
"Бұл ойын қиын өтті. Испания – фавориттердің бірі. Ұтамыз деген сенім болған. Себебі Өзбекстанда өз үйіміздегідей ойнаймыз. Жанкүйерлерге рақмет", - деді Біржан Оразов ойын соңынан.
Құраманың бас жаттықтырушысы Кака ойын нәтижесіне көңілі толатынын және жігіттерге риза екенін айтты.
Айта кетейік, футзалдан әлем чемпионаты кеше басталды. Қазақстан құрамасы "D" тобында Испаниядан бөлек, Ливия және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездеседі.