Футболдан 18 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы «Гранаткин Мемориалы» турнирінің топтық кезеңіндегі екінші ойынын да жеңіліспен аяқтады. Нәтижесінде «С» тобында соңғы орын алды, енді 13-18 орындарға таласатын болады.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан жарыстың бірінші ойынында жас футболшыларымыз Болгария жастарына жеңілген еді. Бүгін топтағы екінші ойында Словения (U-18) құрамасынан ұтылды. Қарсыластар 3 ұпайды еншілеуге сеп болған голды 42 минутта Жужек пенальтиден соқты.
Сергей Тагиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы (U-18) келесі кездесуін Молдова жастарымен өткізеді. Ойын 7 қаңтар күні Астана уақытымен сағат 17:30-да басталады.
Айта кетейік, «Гранаткин Мемориалы» турниріне Қазақстан жастар құрамасы (U-18) сапында Бразилияның «Оле Бразил» футбол академиясында жаттығып келген 11 жас жеткіншек аттанған болатын.
Сурет: granatkin.com