Бүгін футболдан Қазақстан жастар құрамасы (U-21) 2017 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Швейцария жастарымен кездеседі. Қос тарап Алматының орталық стадионына бой үйрету мақсатында соңғы дайындықтарын пысықтады.
Саулюс Ширмялис шәкірттері іріктеу кезеңін сәтті бастады. Бірінші ойынын сырт алаңда өткізіп, Босния және Герцеговина жастарын 2:1 есебімен жеңді. Араға 4 күн сала Швейцария құрамасымен кездескелі отыр. Қонақтар топта әлі ойын өткізген жоқ.
- Босния және Герцеговина құрамасына қарсы ойын алдында бәрі бізді әлсіз құрама санаған. Біз сырт алаңдағы ойынды әлсіз емес екенімізді дәлелдедік. Топтық кезеңдегі сәтті ойын бізді қанаттандырып отыр. Сондықтан Швейцариямен өтетін ойын алдындағы көңіл-күйіміз бен дайындығымыз жоғары. Жігіттер барлық шеберліктерін көрсететін болады. Ешкімді бөле жарып айтқым келмейді. Барлық ойыншылар дайындықтарын шыңдау жолында тер төгуде.
Швейцария жастары тәжірибелі екені рас. Көбісі Еуропаның топ-клубтарында ойнайды. Сондықтан да фаворит саналатыны рас. Біз де командалық ойында барымызды саламыз. Жеңіс жолында аянып қалмайтын боламыз, - деді бас бапкер Саулюс Ширмялис.
Рафкат Аслан, Қазақстан құрамасының қорғаушысы:
- Босния және Герцеговинамен өткен ойында денсаулығыма байланысты алаңға шықпадым. Қарсыласымыздың қатарында мықты ойыншылар болды. Біз олар туралы сараптама жасадық. Жігіттер алаңға шыққанда барлық талапты орындады. Олардан қорыққан жоқ. Жақсы нәтиже көрсеттік. Енді оны жалғастыру керек. Швецария құрамасымен өз алаңымызда ойнаймыз. Жанкүйерлердің қолдауы бізге көмектесері анық.
Бізде Швейцария құрамасындағындай жұлдыз ойыншылар жоқ. Біз команда ретінде мықтымыз.
Швейцария жастар құрамасының бас бапкері Хайнц Мозер болса Қазақстанға жеңіс үшін келгенін мәлімдеді.
- Біз Қазақстанға келгенімізге қуаныштымыз. Бірінші ойында жеңіске жету өте маңызды. Сондықтан да бар тәжірибеміз бен шеберлігімізді танытып, 3 ұпайды еншілеп қайтуымыз керек. Оңай емес екені анық. Бірақ, біздің мақсат – жеңіс.
Топта Англия жастары фаворит екені рас. Ал Швейцария, Қазақстан мен Босния және Герцеговина екінші орынға таласатын болады, - деді Хайнц Мозер.
Айта кетейік, Қазақстан мен Швейцария жастар құрамалары арасындағы ойын 7 қыркүйек күні Астана уақытымен кешкі сағат 20:00-де басталады. Алматының орталық стадионында өтетін ойынға кіру тегін. Қазақстан жастар құрамасына бірге жанкүйер болайық.