Қазақстан жастар құрамасы «Достастық кубогының» ширек финалына шықты

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақстан жастар құрамасы «Достастық кубогының» ширек финалына шықты

Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өтіп жатқан «Достастық кубогы-2015» халықаралық турнирінің ширек финалына шықты.

БӨЛІСУ

Бірінші ойында Тәжікстан құрамасына есе жіберген Саулюс Ширмялис шәкірттері екінші ойында Литвадан басым түскен-ді. Маңызды 3 ұпай сыйлаған голды Абат Айымбетов соққан болатын. Бүгін отандастарымыз ОАР құрамасымен тең ойнады. Кездесуде есеп ашылмады. Халықаралық турнирге алғаш рет қатысып жатқан «қара құрлық» өкілдері «С» тобында осылайша көш бастады. Аздан соң Тәжікстан мен Литва құрамалары арасындағы ойын басталады. Тәжіктер жеңіске жетсе, Қазақстан жастар құрамасы үшінші сатыға сырғитын болады. Бірақ, ереже бойынша әр топтан 1-2 орын алған команда және үшінші нәтиже көрсеткен ең үздік екі команда ширек финалға өтеді. Отандастарымыз үшінші орынға сырғығанмен, үздік екі команда қатарынан табылып тұр. Егер топтағы соңғы ойында литвалықтар жеңсе не ойын тең аяқталса екінші орын мәселесін доп айырмасы шешетін болады. Қазақстан құрамасы 1 гол соғып, 1 гол қақпаларына өткізген.

Қазақстан жастарының ойынға қатысқан құрамы:

Қақпашы: Станислав Павлов («Ақтөбе»);
Қорғаушылар: Григорий Сартаков («Ертіс»), Рафкат Аслан («Тобыл»), Тимур Рудосельский («Қайрат»), Берік Шаихов («Астана»);
Жартылай қорғаушылар: Еркебұлан Тұңғышбаев («Ордабасы»), Мирас Тулиев («Каспий»), Ринат Хайруллин («Астана»), Алишер Сүлей («Ертіс»);
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Ақтөбе»), Максим Федин («Бәйтерек»)

Ширек финалдық кездесулер ертең өтеді. Отандастарымыз Тәжікстан мен Литва кездесулерінің қорытындысы бойынша, екінші орын алатын болса Ресей жастар құрамасымен, үшінші орын алатын болса Беларусь құрамасымен кездесетін болады. 

Cурет: com-cup.com