Бахрейн Корольдігінің астанасы Манамада Біріккен IMMAF және WMMAA федерациясының қолдауымен өтіп жатқан аралас жекпе-жектен әлем чемпионатында жастар арасынадғы жарыстар өз мәресіне жетті.
Әлемнің 50-ден аса елінен 500-ден аса спортшы қатысқан дүбірлі додада Қазақстан жастар құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 4 қола иеленіп, жалпы командалық есепте 2-ші орын алды.
52 килода сынға түскен Фариз Абдалов пен 56 килода Ғани Әділсерік қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынды. Ал қыздар арасында жалғыз қызымыз Талшын Жұматаева (70,3 кило) тағы бір қазақстандық Айжан Әбдіқадырдан басым түсіп, үздік шықты.
Сондай-ақ 52 килода Ерұлан Қабдолов күміс алды. Ал қоланы төрт бірдей спортшымыз иемденді. Атап айтқанда: Тыныштық Жәнібек (61 кг), Досжан Кенжебаев (70 келі), Айгерім Төреханова (52,2) және Инас Әшірбек (56,7).
Осылайша біздің спортшылар жалпы командалық есепте екінші орынға шықты. Көш басына Ресей құрамасы көтерілсе, үздік үштікті Англия түйіндеді.
Тағы айта кетерлігі, әлем чемпионатында "Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жектен біріккен федерациясы" тарихында алғаш рет IMMAF-WMMAA жарысын ұйымдастырушылардан "артықшылық" Кубогы мен "әлемдегі ММА-ның дамуына қосқан үлесі үшін" кубоктарын алды.
"Бұл біздің жұмысымыз бен жауынгерлік өнер қауымдастығының жұмысына берілген өте құнды және құрметті баға. Барлық қазақстандықтарды, спорт сүйер қауымды осындай жоғары награда алуларымен құттықтаймын. Бұл тек біздің емес барша спорт сүйер қауымға көрсетілген құрмет деп білемін"- дейді Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жектен біріккен федерациясының бас директоры Валихан Тен.