Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Киевте өтіп жатқан бірінші дивизиондағы әлем чемпионатында мұз айдын иелерін ұтты. Ойында отандастарымыз 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Эдуард Занковец жаттықтыратын Қазақстан құрамасы үшін бұл ойынның маңызы жоғары болды. Ұпай жоғалтса, элиталық кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылуы бек мүмкін-ді.
Ойында бірінші болып Қазақстан құрамасы шайба соқты. 4 минутта Найджел Доус белсенділігімен көзге түсті. Бірінші кезең аяқталар сәтте Мартин Сен-Пьер Украина құрамасы қақпасына екінші шайбаны соқты.
Қазақстандық хоккейшілер екінші кезеңде босаңсу танытты. Бар-жоғы бір минуттың ішінде мұз айдын иелері есепті теңестіріп кетті. Дмитрий Нименко мен Сергей Бабинец бір-бір шайбадан соқты.
Үшінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер белсеніп, жеңіске бастар жолды таба білді. 42 минутта Никита Михайлис шайба соқса, ойын аяқтлар тұста Брэндон Боченски Қазақстанның ойындағы төртінші шайбасын соқты.
Қазақстан құрамасы осыған дейін Оңтүстік Корея құрамасынан ұтылып, Австрияны ұтқан еді. Польша құрамасынан овертаймда басым түскен. Топтағы соңғы ойында Венгрия құрамасымен кездеседі. Бұл ойын 28 сәуірге жоспарланған. Тікелей эфирде "KazSport" арнасы көрсететін болады.
Әлем чемпионатының элиталық дивизионына топта бірінші және екінші орын алған құрамалар ғана шығады.