Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчанг қаласында өтетін ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирін жеңіспен бастады. Отандастарымыз Ослода мұз айдын иелерін овертаймда ұтты.
«F» тобындағы Олимпиадаға іріктеу ойындары Норвегия елінің астанасы Ослода өтуде. Топтағы алғашқы ойынын норвегтерге қарсы өткізген Қазақстан хоккейшілері қарсыластарын 4:3 есебімен овертаймда ұтты.
Бірінші кезеңде қос құрама есеп аша алған жоқ. Есесіне екінші кезеңде шайбалар молынан соғылды. Қазақстан құрамасы сапынан Роман Старченко дубль авторы атанса, Кевин Далмэн бір шайбаны еншісіне жазды. Норвегия құрамасы сапынан Матс Цукарелло бір шайба соқты. Дегенмен 3:1 есебін Андрей Назаров жаттықтыратын Қазақстан құрамасы ойын соңына дейін сақтай алмады. Кездесудің аяқталуына санаулы ғана секундтар қалғанда норвегтер есепті теңестіріп кетті. Қорытындысында овертаймда Брендан Боченский соққан шайба отандастарымызға жеңіс сыйлады.
Кездесуде Қазақстан құрамасының шабуылшысы Роман Старченко үздік ойыншы атанды.
Қазақстан құрамасы бүгін Франция хоккейшілеріне қарсы ойын өткізеді. Олар бірінші ойында Италия құрамасын овертаймда ұтқан болатын.
Қазақстан — Норвегия 4:3 ОТ (0:0, 3:1, 0:2, 1:0)
Шайбалар:
1:0 — 21:23 Старченко (Рымарев). Басым құрамда
1:1 — 23:48 Цуккарелло (Бастиансен). Тең құрамда
2:1 — 31:27 Даллмэн (Иванов). Тең құрамда
3:1 — 34:26 Старченко. Тең құрамда
3:2 — 58:43 Холес (Цуккарелло, Торесен). Тең құрамда
3:3 — 59:46 Бастиансен. Басым құрамда
4:3 — 60:31 Боченски (Доус, Даллмэн). Тең құрамда
Айып уақыты: 10:4 (2:0, 4:2, 4:4, 0:0)
Айта кетейік, топта бірінші орынмен шыққан құрама ғана 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчанг қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысады.