Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) кезектен тыс ХІ конференциясының қорытындысы бойынша, Ерлан Қожағапанов президент болып тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметті Әділбек Жақсыбеков атқарып келген еді.
Қазіргі таңда Астана қаласының әкімі қызметін атқарып жүрген Әділбек Жақсыбеков футбол федерациясын 7 жыл басқарып келді. Осы аралықта кеткен кемшіліктен, жеткен жетістік көбірек болды деп айтуға негіз бар. Ел премьер-лигасының соңғы жылдардағы әлеуеті артып келеді. Жастардың футболға деген қызығушылығынан да мұны байқауға болады. Ресми түрде қызметінен кеткен Әділбек Жақсыбеков ел футболының дамуына қосқан үлесі үшін Халықаралық футбол қауымдастықтары одағынан (ФИФА) арнайы құрмет медалына ие болды.
Ел футболының тізгінін ұстаған Ерлан Тоқтарханұлы Қожағапанов 1968 жылы Алматы облысының Алакөл ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Кейіннен 2006 жылы Ресей мемлекеттік кеден комитетінің кеден академиясын аяқтаған. Еңбек жолын 1990 жылы «Сәлем» ЖШС-ның директоры болып бастаған. 1994-1997 жылдар аралығында «Қазкоммерцбанк» ААҚ басшы лауазымында жұмыс істеген. Одан кейінгі аралықта да Ерлан Қожағапанов бірнеше мемлекеттік жоғары қызметтерді атқарды. 2013 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттінің төрағасы болып тағайындалған еді. Кейіннен бұл қызметтен Тастанбек Есентаев алмастырды.
Ерлан Қожағапанов өзіне сенім артқандардың бәріне алғыс білдіріп, ел футболын одан әрі дамытуға бар күш-жігерін салатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта келісілген ойындар мен төрешілердің жұмысын қатаң бақылауға алатынын жасырмады. 2018 жылға дейін Қазақстан футбол федерациясының президенті болады.
Қазақстан футбол федерациясын басқарған тұлғалар:
1992-1994 жж. Заманбек Нұрқаділов
1994-1996 жж. Тимур Сегізбаев
1996-2000 жж. Құралбек Ордабаев
2000-2007 жж. Рахат Әлиев
2007-2014 жж. Әділбек Жақсыбеков
Сурет: sport.gov.kz