Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағының (ФИФА) жаңарған рейтингінде төрт орынға жоғарылады.
Қазақстан құрамасы мамыр айында бірде-бір кездесу өткізген жоқ. Соған қарамастан жаңартылған тізімде отандастарымыз 104-орыннан 100-орынға көтерілді. Дегенмен бұл орынға 331 ұпайы бар Үндістан мен Никарагуа да таласып түр.
Рейтингтің бірінші ондығында ешқандай өзгеріс болмаған. Бірінші орында – Бразилия, екінші орында – Аргентина, үштікті Германия құрамасы түйіндеп тұр. Дегенмен Польша құрамасы ұпай саны бойынша Испаниямен теңесіп, 10-орынға таласып тұр.
1 (1). Бразилия - 1715 ұпай,
2 (2). Аргентина - 1626,
3 (3). Германия - 1511,
4 (4). Чили - 1422,
5 (5). Колумбия - 1366,
6 (6). Франция - 1332,
7 (7). Бельгия - 1292,
8 (8). Португалия - 1267,
9 (9). Швейцария - 1263,
10 (10). Испания - 1198,
10 (11). Польша – 1198.
Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Мавритания ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар 13 саты төмендеп, 104-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Жаңа Зеландия құрамасы еншіледі. Олар 17 саты жоғарылап, 95-орынға табан тіреген.
Айта кетейік, 10 маусым күні Қазақстан құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Дания құрамасымен кездеседі.