Футболдан 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Фарер аралдарының құрамасын жеңді
Төреші ысқырығы шалынысымен қонақтар шабуылда ойнайтынын дәлелдеуге кіріскендей сыңай танытты. 13 минутта «Тобыл» командасының капитаны Нұрбол Жұмасқалиев өзіне берілген жүз пайыздық мүмкіндікті пайдалана алмады. Есесіне араға 10 минут сала қарсылас капитаны Фроди Бенджаминсен есеп ашты. Қорғаушылар қателігі сәтті пайдаланған Фарер аралдары футболшылары алғашқы мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Сергей Хижниченко бірнеше қауіпті соққылар бағыттап көрген. Алайда қарсыластар қақпашысынан айласын асыра алмады. Доп ұстау басымдығын ұлттық құрама өз пайдасында ұстағанымен қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдыруға дәрменсіздік танытумен алғашқы тайм аяқталды.
Екінші таймда Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойыншы алмасты. Алғашқы таймда өнер көрсеткен Алексей Щеткиннің орнына Андрей Финонченко кірді. 48 минутта қонақтар өз айып алаңында ойын ережесін бұзды. Сан-Маринолық төреші Фарер қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Қайрат Нұрдәулетов сәтті орындап, есепті теңестірді. 54 минутта Юрий Логвиненко қонақтардың қауіпті шабуылының бетін қайтарды. 64 минутта Сергей Хижниченконың асырған пасын екінші таймда алаңға шыққан Андрей Финонченко сәтті пайдаланып ұлттық құраманы алға шығарды. 84 минутта Андрей Финонченко мен Сергей Хижниченко жұбы қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда қонақтар қорғаушылары қырағылық таныта білді. Соңғы минуттарда қонақтар есепті теңестіруге тырысып бақты. Алайда Қазақстан ұлттық құрамасы қорғанысы сыр бермей, есепті сақтап қалды. Бұл Қазақстанның Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісі. Жеңіс құтты болсын!
"С" тобының іріктеу кезеңі кестесі:
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: archive.sportinfo.kz