Футзалдан Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты. Отандастарымыз ширек финалда 2014 жылғы Еуропа чемпиондары Италияны жеңді.
Бірінші кезеңді Какау шәкірттері айқын басымдықпен аяқтады. Соққы бағыттау мен доп ұстау басымдығы бойынша да Қазақстан құрамасы қарсыластарына есе жіберген жоқ. 16 минутта Лео есеп ашып, отандастарымызды алға шығарды. 19 минутта Серік Жаманқұлов қарсыластың айып алаңында барын салып есепті еселей түсті.
Екінші кезеңді италиялықтар есеп қысқартумен бастағанмен, Қазақстан құрамасы екі доп басымдығымен қайта алға шықты. Нақтырақ айтсақ, 23 минутта Фортино есепті қысқартса, араға минут салмай Шыңғыс Есенаманов есепті 3:1-ге жеткізді.
Италиялықтар екінші кезеңде статистика бойынша таразы басын теңестіргенмен, есеп теңестіруге қауқары жеткен жоқ. Ойынның аяқталуына 3 минут қалғанда италиялықтар сапынан Каналь есепті кезекті рет қысқартқанмен, отандастарымыз артынша жауап қатты. Шыңғыс Есенамановтың шірене тепкен добын Дәурен Нұрғожин қарсылас қақпасына қиналмай тоғытты. Ойын соңына қарай италиялықтар қақпашыны шабуылға араластырып, тәуекелге бел буды. Қарсыластың шабуылдағы қателігін сәтті пайдаланған Лео есепті 5:2-ге жеткізді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жарыстағы басты фавориттердің бірі саналған «скаудра адзурраны» жарыс жолынан шығарды.
Қазақстан құрамасы жартылай финалда Испаниямен кездеседі. Ойын 11 ақпанға жоспарланған. Екінші жартылай финалдық ойында Сербия мен Ресей құрамалары финал жолдамасын сарапқа салады.
Өкінішке орай, Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита Испанияға қарсы өтетін ойынға қатыспауы мүмкін. Италияға қарсы ойында екінші сары қағазын алған ол келесі ойыннан шеттетілуі мүмкін. Егер ресми түрде жартылай финалға қатысу мүмкіндігінен айырылар болса, ұлттық құрама қақпасын қосалқы қақпашы Григорий Шамро қорғайды.
Айта кетейік, Италия құрамасы осыған дейінгі топтағы екі ойында да қақпаларына гол соқтырмаған болатын.