Қазақстан бокс федерациясы ұзақ талқылаулар мен сараптаманың нәтижесінде маңызды шешім қабылдады. Қазақстан World Boxing ұйымының қатарына қосылу үшін ресми өтініш берді, – деп хабарлайды ҚБФ баспасөз қызметі.
Бұл шешім бірінші кезекте отандық боксшылардың Олимпиадалық болашағымен тікелей байланысты. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қазіргі Халықаралық бокс федерациясын (IBA) ресми серіктес ұйым ретінде танымайды. Оған бірден бір себеп – басқарушылық, қаржы және этика мәселелерінде дұрыс реформа жүргізе алмауы және төрешілер бағалауында бұра тартушылықтың жиі кездесуі еді.
"Қазір бокстың Олимпиада бағдарламасында қалу мәселесі ХОК деңгейінде талқыланып жатыр. Боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу мақсатында барлық елдермен ортақ жұмыс жасауға дайынбыз. Бұл шешім боксты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп санаймыз. World Boxing Олимпиадалық Комиссияның төрағасы, Ұлттық Олимпиадалық Комитет президенті Геннадий Головкинмен кездесу барысында отандық бокстың даму жолдарын талқыладық", – деді ҚБФ президенті Шахмұрат Мүтәліп.
🥊World Boxing – Халықаралық бокс федерациясы. Бұл ұйым 2023 жылдың сәуір айында құрылған. Қазіргі уақытта оның құрамына 44 елдің ұлттық федерациясы енген.
Бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы, ҚР ҰОК басшысы Геннадий Головкин World Boxing ұйымына төраға болып тағайындалды.