29 маусым күні Астана қаласында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген палуандар қазақша күрестен боз кілемде белдесіп, «Қазақстан Барысын» анықтайтын болады. Бұл туралы Vesti.kz тілшісі хабарлайды.
Осыған дейін еліміздің барлық облысы мен екі қаласында негізгі турнирге таңдаулы палуандарды шығару үшін іріктеу турнирлері өткен болатын. Айта кетейік, іріктеу турнирлері кезінде палуандар аудан, шалғай ауылдардан келіп те өнерлерін көрсетті. Олардың ішінде үміткерлердің барлық жерден қатысуы жөнінен Қызылорда облысы рекорд орнатты. Сыр елінде облыстағы 134 ауылдық округтің барлығынан да палуандар келіп, кім мықтыны анықтады. Яғни Қызылорда облысы 100 пайыздық көрсеткіш тіркеді. Екінші орынды Алматы облысы алды – 98,8 пайыз. Үштікті Жамбыл облысы қорытындылап тұр – 94,8 пайыз. Ал ең көп үміткер палуандар тіркелген Қарағанды облысы – 68 спортшы.
Осымен төртінші рет өткелі отырған турнирге Бейбіт Ыстыбаев (2012 жылғы «Қазақстан Барысы») пен Айбек Нұғымаров (2013 жылғы «Қазақстан Барысы») та қатыспақ. Өткен жылғы қос балуанның белдесулері әлі де жұрт есінде шығар. Биылғы жарыста Бейбіт те, Айбек те екі дүркін «Қазақстан Барысы» атануға барын салары анық.
Қазақ елі көз тіккен турнирдің финалдық кезеңі 29 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Ашылуы сағат 13:00-де. Билеттердің бағасы орнына қарай 1000 теңгеден 5000-ға дейін барады.
Биылғы жарыста өткен жылғыдай 33 емес 28 палуан белдеспек. Оған себеп қатарынан төрт палуанның допинг-сынақтан сүрініп, тағы біреуінің турнир тәртібіне бағынбауы болып отыр.
Жарыста оза шауып, жауырыны жер тимеген палуанға «Тайтұяқ» атты сый табысталып, оған 150 мың долларлық чек те қоса беріледі.
Сонымен биылғы «Қазақстан Барысы» турниріне мына палуандар қатысады:
Ақмола облысы: Нұрлан "Көкше арланы" Жамалов және Леонид "Ақмола Қасқыры" Станеев
Ақтөбе облысы: Нұрсұлтан "Сары бала" Иманғазин мен Рүстем "Бори" Бурбаев
Алматы облысы: Айдос "Жетісу барысы" Қаңлыбаев пен Саят "Алакөл барысы" Шәмшиев
Атырау облысы: Сұңғат "Ағатай" Закарияев пен Бекболат "Тарлан" Салықов
Батыс Қазақстан облысы: Еділ "Бура" Үсенов
Жамбыл облысы: Бейбіт "Тараз арланы" Ыстыбаев пен Дәулетхан "Талас арланы" Жақыпов
Қарағанды облысы: Асыл "Жас сұңқар" Бәрменов пен Бекзат "Сайдалы" Ахметбеков
Қызылорда облысы: Айбек "Майлыбай" Серікбаев пен Руслан "Сыр барысы" Әбдіразақов
Маңғыстау облысы: Мейрамбек "Жас қыран" Жаңабай
Cолтүстік Қазақстан облысы: Рүстем "Қаражал" Жұмаев пен Дәурен "Баян батыр" Еслямов
Павлодар облысы: Дархан "Асау" Жоламанов пен Батырхан "Тұлпар" Жүнісов
Оңтүстік Қазақстан облысы: Жұманазар "Жақсыгүл" Ерсұлтанов пен Сабыржан "Оңтүстік арланы" Әбілдаұлы
Шығыс Қазақстан облысы: Айбек "Шығыс барысы" Нұғымаров, Мұхит "Жалын" Тұрсынов, Шалқар "Қожағұл" Жоламанов
Алматы: Арслан "Алматы барысы" Әбдәмит пен Бақыт "Мардан" Ысмағұлов
Астана: Арман "Малайсары" Әбеуов.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: alashainasy.kz