17 жастағы қазақстандық шахматшы қыз Бибісара Асаубаева Польша астанасы Варшавада өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Отандасымыз блиц (жылдам) жарыста алдына жан салмады.
Күні кеше қазақстандық шахматшы қыз рапидтен де жүлделі болған еді. Бүгін блиц сайыста бағы жанды. 13 партияда жеңіске жетіп, 2 партияда тең түсті. 2 партияда қарсыласына жол берді. Осылайша 14 ұпай жинап, жарыс жеңімпазы атанды.
Күміс медальды 12,5 ұпай жинаған ресейлік Александра Костенюк иеленді. Қола да тағы бір ресейлік шахматшы қыз Валентина Гунинаға бұйырды.
Бұл ересектер арасында шахматтан қазақстандық спортшы иеленген алғашқы алтын медаль болды. Қазақ спортындағы тарихи жетістік.
Биыл Бибісара әйелдер арасында онлайн өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Ол Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Дүниежүзілік онлайн-шахмат олимпиадасында әлемнің ең мықты 8 командасының қатарына ілігіп, көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Сондай-ақ бұл турнирге қатысқан Қызылорда облысының өкілі, әйелдер арасында халықаралық шахмат шебері Серікбай Әселге сәл ғана сәттілік жетіспеді. Чемпионат бойы Катерина Лагно және Александра Костенюк сияқты әлемнің үздік шахматшыларымен тең дәрежеде ойнаған Әсел сенсация жасап, көшбасшылар тобында болды. Жарыс қорытындысы бойынша 7,5 ұпай жинап, 5-нәтиже көрсетті.