Бокстан жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Үндістанның Гувахати қаласында өткен бәсекеде қазақ қызы Арайлым Бегділдә жеңіс тұғырынан көрінді.
Әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында он боксшы қыз қатысты. Ширек финалға сегізі шықса, жартылай финалда бесеуі бақ сынады. Жансая Балтабекова (60 кг) мен Жансая Әбдіраимова (51 кг) жартылай финалда қарсыластарына жол беріп, қола жүлдегер атанды. Ал Дина Исламбекова (+81 кг), Жазира Орақбаева (48 кг) мен Арайлым Бегділдә (81 кг) финалға шықты.
Дина Исламбекова финалда ресейлік Кристина Ткачевадан жеңіліп, күміс медальға ие болды. Жазира Орақбаева үндістандық Нитуға жол беріп, күмісті қанағат тұтты.
Арайлым Бегділдә финалда ресейлік Анатасия Рыбакты айқын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ресей чемпионы атағына ие қарсыласы алғашқы раундта басымдық танытқанмен, кейінгі раундтарда қазақ қызының мысы басым болды. Нәтижесінде төрешілер 30:27, 28:29, 29:28, 29:28, 28:29 есебімен отандасымыздың жеңіске жеткенін хабарлады.
Қазақ елінің абыройын асырған Арайлым 2013 жылдан бері бокспен шұғылданып келеді. Боксшы қызды белгілі жаттықтырушы Мейірбек Шеңгелбаев жаттықтырады. Арайлым өз салмағында ел чемпионатында топ жарған. 2014-2016 жылдары Украина, Сербия мен Түркияда өткен халықаралық турнирлерде жеңімпаз тұғырынан көрінген. Бірер айдан кейін 18 жасқа толатын боксшы қыздың ұлттық құрамаға қосылуына зор мүмкіндігі бар.
1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды 5 алтын 2 қола еншілеген үнді қыздары иеленді. Екінші орынға 2 алтын 4 күміс ұтқан Ресей құрамасы ие болды.