Қазақ жігіті Жансерік Маратханұлы Моңғолия футбол тарихында ресми ойындарда бірінші болып хет-трик жасады, - деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
Бұған дейін Моңғолия футбол тарихында мейлі жастар болсын, мейлі Ұлттық құрама сапында болсын ешкім ресми кездесулерде үш гол соғып, хет-трик жасамаған. Жансерік Маратханұлы хэт-трикті Азия біріншілігінің жастар арасындағы (19 жасқа дейінгі) іріктеу кезеңінде Сингапур құрамасына қарсы ойында жасады. Ал ойын жалпы 4:2 есебімен моңғол жастарының жеңісімен аяқталды.
Кездесу барысында Моңғолия құрамасы 0:2 есебімен жеңіліп жатқан. Содан соң Маратханұлы командасына жеңіске жетуге көмектесті. Бірінші таймның соңында ол пенальтиді сәтті орындаса, екінші таймда қарсы шабуылдан, ал үшінші голды ойынның аяқталуына үш минут қалғанда соқты.
Ойын соңында Сингапур құрамасының екі футболшысы қызыл қағаз алса, қосалқы құрамда отырған тағы бір ойыншы алаңнан қуылды. Осылайша Моңғолия құрамасы сан басымдығын сәтті пайдаланып, қосымша уақытта төртінші голды соқты.
Дегенмен де бұл жеңіс Моңғолия жастар құрамасын келесі кезеңге алып шықпады. Өйткені, бұған дейін олар Жапония құрамасы (0:7) мен Тайландтан (2:5) жеңіліп қалған еді.
18 жастағы Жансерік Маратханұлы қазіргі уақытта елдің бас шаһары Ұлан-Батор қаласында тұрып, жергілікті "Дэрэн" клубында өнер көрсетеді. Өткен жылы ол Моңғолия ұлттық құрамасына да шақырту алып, құрама тарихындағы ең жас ойыншы атанды. Бірақ Ұлттық құрамасы үшін әлі бірде-бір кездесуге қатысқан жоқ.