Қазақтың жас талант футболшысы Еркебұлан Сейдахмет Ресейдің "Зенит" жастар футбол клубы сапында Италияда өтетін "Viareggio Cup" халықаралық турниріне қатысады. Бұл туралы ресейлік команданың ресми сайтына сілтеме жасап "vesti.kz" сайтының қазақ бөлімі хабарлады.
21 жасқа дейінгі футболшылары арасындағы халықаралық жарыс Италия, Нидерланд, Канада, АҚШ, Бразилия, Аргентина, Нигерия, Чехия, Грекия, Конго, Бельгия, Хорватия, Ресей және Колумбия елдерінен 40-қа жуық команда қатысады.
Топтық кезеңде "Зенит" жастары бірінші ойынын 13 наурыз күні "Эмполи" (Италия) командасына қарсы өткізеді. Араға екі күн сала "Асколи" (Италия) футбол клубының жастарымен ойнайды. Ал 18 наурызда АҚШ-тың "Атлетик Юнион" командасымен кездеседі. Жарыстың плей-офф кезеңіне топта бірінші орын алған командалар мен екінші орын алған үздік алты команда жарысты жалғастырады.
"Viareggio Cup" халықаралық турнирі 1947 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ұйымдастыруға Италия футбол федерациясы, УЕФА мен ФИФА күш салып келеді. Бұл жарысқа әр жылдары Дино Дзофф, Джанлуиджи Буффон, Алессандро Неста, Паоло Мальдини, Филипп Лам, Бастиан Швайштайгер, Паоло Росси, Роберто Манчини, Габриэль Баттистута, Роберт Просинечки, Паоло Мальдини, Алессандро Дель Пьеро, Франческо Тотти, Пьер-Эмерик Обамеянг, Ромелу Лукаку сынды футболшылар да қатысқан.
17 жастағы Еркебұлан Сейдахмет Санкт-Петербургте өткен "Гранаткин Мемоиалы" турнирінен кейін "Зени"т жастары құрамына шақыртылған болатын. Қыста команда сапында оқу-жаттығу жиындарына қатысқанмен, ФИФА ережелеріне сәйкес ресми келісімшартқа қол қоймаған еді. Дегенмен қазақ футболшысы ресейлік команданың жаттықтырушыларын таңдандыра білді.