Қазақ кәсіпқой боксшысы Бекман Сойлыбаев 10 наурыз күні кезекті жекпе-жегін өткзеді. Отандасымыз мексикалық боксшы Герман Меразбен жұдырықтасатын болды.
Осыған дейін «Diamond Ring» промоутерлік компаниясының былғары қолғап шебері мексикалық Марио Антонио Масиаспен жұдырықтасады деп күтілген. Алайда, 10 наурыз күні шаршы алаңға Бекман Сойлыбаевқа қарсы мексикалық өзге бір боксшы Герман Мераздың шығатыны белгілі болды.
- Шынымды айтсам, бұл қарсыласым жайлы әлі нақты ешнәрсе білмеймін. Дегенмен, «Boxrec» сайтындағы статистикасын көріп таңғалдым. 30 жаста екен. Бірақ, кәсіпқой бокста 99 жекпе-жек өткізіп үлгеріпті. Мен оның жүзінші қарсыласы боламын. Сондықтан, тәжірибесі баршылық екені айтпаса да түсінікті. Жақында ол жайлы материалдар жинап, айқасқа аз күн қалғанда әлсіз және мықты тұстарын толық зерттеп үлгереміз деп ойлаймын, - деді Бекман Сойлыбаев.
Герман Мераз кәсіпқой бокстағы мансабын 2005 жылы бастаған екен. Шаршы алаңда 99 жекпе-жек өткізіп, соның 55-де жеңіске жеткен.
Қазіргі уақытта Бекман Сойлыбаев Лос-Анджелес қаласында «Wild Card West» жаттығу залында америкалық Эрик Браунның қол астында жаттығу жасап жатыр. Кәсіпқой бокста отандасымыз 9 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.