Венгрияның Дебрецен қаласында ұйымдастырылған "Иштван Воскай" атындағы халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Қазақ боксшылары 3 алтын 1 күміс 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
62-ші рет байрағын желбіреткен додаға әлемнің 23 елінен 160-қа жуық боксшы қатысты. Қазақ боксшылары да мажар елінің шаршы алаңында бақ сынап, жоғары нәтижеге қол жеткізе білді.
56 кг-ға дейінгі салмақта финалға шыққан Ілияс Сүлейменов жарыс жеңімпазы атанды. Отандасымыз шешуші жекпе-жекте чех боксшысы Мирослав Горольді жеңді. Жастар арасында Азия чемпионы атанған Саматәлі Төлтаев (64 кг) ересектер арасындағы ең алғашқы халықаралық жарысында-ақ жеңімпаз атанды. Ол финалда моңғолдың тәжірибелі былғары қолғап шебері Чинзориг Баатарсуктан айласын асырды. Үшінші алтын медальды 69 кг-ға дейінгі салмақта жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов иеленді. Ол финалда шаршы алаң иесі Андрас Вадашты жеңді.
Ұлттық құрама қоржынына түскен күміс жүлдені Айболды Дәуренұлы (+ 91 кг) иеленсе, Абай Төлеш (75 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
3 алтын 1 күміс 2 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Венгрия боксшылары (2 алтын 1 күміс 6 қола) екінші орынды иеленді. Үздік үштікті 1 алтын 1 күміс еншілеген Беларусь елінің боксшылары түйіндеді.
Қазақ боксшылары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан "Иштван Боскай" турниріне жыл сайын қатысып келеді. Биыл соңғы 3 жылдағы үздік нәтижесіне қол жеткізді. Айта кететін болсақ, 2015 жылы – 1 алтын 2 қола, 2016 жылы – 1 алтын 3 күміс, 2017 жылы 1 алтын 1 күміс 2 қола медаль еншілеген еді.
Бокстан Қазақстан құрамасы үшін 2018 жылдың басты жарысы – тамыз айында Джакартада (Индонезия) өтетін Азия ойындары. Оған дейін қазақстандық боксшылар Болгария ("Странджа" турнирі), Финляндия ("Gee Bee" турнирі), Польша ("Феликс Штамм" турнирі), Әзірбайжан ("Жібек жолы" турнирі) елдерінде өтетін халықаралық турнирлерге қатысады.