Бокстан Болгария елінің астанасы Софияда "Страндж" халықаралық турнирі аяқталды. Биыл 69-ші рет ұйымдастырылған жарысқа қазақ боксшылары да қатысты.
Болгарияға Қазақстан құрамасын жаттықтырушы Нұрғали Сафиуллин бастап барды. 10 боксшымыздың 5-і жүлделі орыннан көрінді.
64 кг-ға дейінгі салмақта Сабыржан Бекбергенов жарыс жеңімпазы атанды. Отандасымыз финалда украин боксшысы Иван Данчаны ұтты. Нұрбол Қалжанов (56 кг), Қанағат Маралов (69 кг), Михаил Коханчик (81 кг) пен Абзал Құттыбеков (91 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Жалпыкомандалық есепте 3 алтын 2 қола медаль еншілеген Болгария құрамасы бірінші орын алды. Екінші орынға Үндістан құрамасы (2 алтын 1 күміс 1 қола) ие болса, үздік үштікті Украина құрамасының боксшылары (2 алтын 1 күміс) түйіндеді. Қазақстан құрамасы 6-орынға тұрақтады.
Қазақ боксшылары 8-12 наурыз аралығында Финляндиядағы Gee Bee халықаралық турниріне қатысады. Ол жарысқа Олжас Байниязов (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Закир Сафиуллин (60 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Бек Нұрмағамбет (81 кг), Василий Левит (91 кг) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+ 91 кг) барады.