Бокстан Болгария елінің астанасы Софияда «Страндж» халықаралық турнирі басталды. Биыл бұл жарыс 68-ші рет ұйымдастырылып отыр.
Болгариядағы жарысқа Қазақстан құрамасы сапында 7 боксшы қатысуда. Өкінішке орай турнирдің бірінші кезеңінде екі боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды. 60 келіге дейінгі салмақта Әділет Құрметов грузин боксшысы Отар Ераносянға 3:2 есебімен ұтылды. Ал 56 келіге дейінгі салмақта ел чемпионатының күміс жүлдегері Нұрбол Қалжанов өзбек боксшысы Бахтовар Назирбековке жеңілді.
Абылайхан Жүсіпов (69 келі) нидерланд боксшысы Хавьер Кохленді айқын ұтты. «Astana Arlans» сапында бақ сынап жүрген ауыр салмақтағы қазақ боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев үнді боксшысы Сатиш Кумардыан 5:0 есебімен айласын асырды. Азамат Исақұлов пен Ержан Жомарт та бірінші кезеңнен сүрінбей өтті. Ержан өткен жылы осы турнирде жеңімпаз атанған болатын.
Бүгін 75 келіге дейінгі салмақта Тұрсынбай Құлахмет шаршы алаңға шығады. Жарыстың жартылай финалы мен финалдық жекпе-жектері 25-26 ақпан күндері өтеді.