Қазақ балуаны Данияр Қайсанов Азия чемпионатында топ жарды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақ балуаны Данияр Қайсанов Азия чемпионатында топ жарды
Фото ©️ olympic.kz

Күрес түрлерінен Қытайдың Сиянь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медаль түсті. Еркін күрес шебері Данияр Қайсанов жарыс жеңімпазы атанды.

БӨЛІСУ

74 кило салмақта белдескен отандасымыз бірінші белдесуінде моңғол балуаны Отгонбатар Батсуриді жеңді. Одан кейін өзбекстандық Артем Пресняжнюкті жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда Бахрейн елінен келген Адам Батировпен кездесуі керек болған. Қарсыласы жарақатына байланысты белдескен жоқ.

Данияр Қайсанов финалда үнді балуаны Амит Кумармен белдесті. Қарсыласын 5:0 есебімен айқын ұтып, Азия чемпионы атанды.

Сондай-ақ бүгін боз кілемге шыққан Бауыржан Төребек (61 кило), Әділет Дәулембаев (86 кило), Ералы Әбдірашев (92 кило) және Олег Болтин (125 кило) іріктеу айналымдарынан аса алмады.

Осылайша, еркін күрестен Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын 5 медальмен аяқтады. Кеше 70 кило салмақта Нұрқожа Қайпанов Азия чемпионатының алтынын иеленген. Саятбек Оқасов (65 кило) күміс жүлдегер атанған. Ғалымжан Өсербаев (79 кило) пен Ерғали Әлішер (97 кило) қола медальды қанағат тұтты. 

Азия чемпионаты ертеңнен бастап әйелдер күресі бәсекесімен жалғасады. Ал жарысты грек-рим күресі шеберлері аяқтайды.