Грек-рим күресінен Грузияның танымал балуаны Нугзари Цурцумия 27 жасында қайтыс болды. Туыстары оның мәйітін елдің солтүстік-батысында орналасқан Хоби қаласындағы үйінен тапқан.
Балуанның неден қайтыс болғаны белгісіз. Алдын ала айтылған мәліметтер бойынша, спортшы суицид жасаған. Sportball24.com ақпараты бойынша, кейінгі жарты жылда Нугзари Цурцумияның ата-анасы және ағасы қаза тапқан. Бұл спортшыға ауыр соққы болған.
Нугзари Цурцумия ұзақ жылдар бойы 55 кило салмақта белдесіп, соңғы өткен 5 әлем чемпионатында қатарынан жүлде алды. Мәселен, 2018 және 2021 жылдары қола жүлдегер атанса, 2019 Астанада өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болды. Сол жолы ол финалда қазақстандық Қорлан Жақаншадан басым түсті.
2022-2023 жылдары финалға дейін жетіп, әлем чемпионатында екі рет күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, ол Еуропа чемпионатының 4 дүркін жүлдегері еді.