Қазақ күресінен Үрімшіде ұйымдастырылған үшінші әлем чемпионаты аяқталды. Қазақ балуандарының барлығы жүлделі орыннан көрініп, ел мерейін асырды.
Үрімшідегі әлем чемпионатына 28 елден 205 балуан қатысты. Елімізден барған алты балуанның бесеуі жеңімпаз атанса, біреуі қола жүлдені қанағат тұтты.
60 келіге дейінгі салмақта алматылық Ғұсман Қырғызбаев, 70 келіге дейінгі салмақта Ғұсманның егізі Ғұмар жеңімпаз атанды. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дәулет Пахлединовтің айдарынан жел есті. 90 келіге дейінгі салмақта Айбол Айтбекке, 90 келіден жоғары салмақта Айбек Нұғымаровқа тең қарсылас табылмады. Ал Мұхит Тұрсынов қола медаль иегері атанды.
Қазақ балуандары қазақ күресінен өткен әлем чемпионаттарында намысты қолдан берген емес. 2013 жылы Минскіде өткен додаға Қазақстаннан 10 балуан барып, барлық салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған болатын. 2014 жылы Орынбор боз кілемінде белдескен алты балуанымыздың бесеуі жеңіс тұғырынан көрінген еді.
Айта кетейік, қазақ балуандары жақын Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойынында да сәтті өнер көрсеткен болатын. Төрт алтын бір күміс медаль иеленген еді.
2 қазан күні қазақ күресінен командалық «Еуразия барысы» халықаралық турнирі өтеді. Бұл додаға 10 елдің құрамалары қатысады.